Жеке тұлғаларға қойманы жалға беру: заңды талаптар мен бизнеске әсері
Жеке тұлғалардың меншігінде тұрғын емес үй-жайлар болған жағдайда, оларды жалға беру тиімді шешім болуы мүмкін. Мысалы, қоймаларды жалға беру, әсіресе, сауда саласында жұмыс істейтін ЖШС мен ЖК үшін өзекті. Осы орайда, жеке тұлға қойманы ЖШС-ға жалға беріп, ЖК ретінде тіркелмей-ақ қоя ала ма? Салықтар қалай төленеді? Мүлік салығын меншік иесі ме, әлде жалға алушы ма төлеуі тиіс? Түсініп көрейік.
Қазақстан Республикасының Салық кодексіне (СК) сәйкес, егер объект кәсіпкерлік қызметте пайдаланылса, жеке тұлға мүлік салығын есептеп, төлеуге міндетті. ҚР СК 530-бабына сәйкес, жеке тұлға мүлік салығын есептеп, салықтық есептілікті шағын бизнес субъектілеріне арналған арнайы режимдердегі ЖК үшін белгіленген тәртіппен ұсынуға міндетті.
Салық кодексінің 528-бабында көрсетілген мүлік салығының объектілеріне мыналар жатады:
- тұрғын үйлер, ғимараттар;
- саяжай құрылыстары;
- гараждар, автотұрақ орындары;
- өзге де құрылыстар, ғимараттар, үй-жайлар;
- жеке тұлғалардың меншігіндегі жер телімдері.
Жеке тұлға қойма ғимаратын жалға беруден табыс алса, ол салық органына 700.00 нысанын (Көлік құралдарына салынатын салық, жер салығы және мүлік салығы бойынша декларация) тапсыруға міндетті. Бұл нысан негізінен заңды тұлғалар мен ЖК үшін көзделген, бірақ ЖК болып табылмайтын жеке тұлғалар да осы форма арқылы есеп береді.
Салық кодексінің 525-бабы 3-тармағына сәйкес, мүлік салығы бойынша 700.00 нысаны есепті жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей ұсынылуы тиіс. Жеке тұлға ЖК ретінде тіркелудің қажеті жоқ, ол жалға алушымен қойма үй-жайын жалға беру туралы Азаматтық-құқықтық шарт (АҚШ) жасай алады. Бұл жағдайда жалға алушы – ЖШС немесе ЖК – салық агенті ретінде әрекет етеді.
Егер жеке тұлға ЖК ретінде тіркелсе, онда барлық есеп-қисапты өзі жүргізуге тиіс болады. Егер ЖК ашпай, жалға алушымен АҚШ жасалса, қойманы жалға беруден түскен табыстан қандай төлемдер ұсталуы тиіс:
Жеке табыс салығы (ЖТС)
Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 353-бабына сәйкес, ЖК болып табылмайтын жеке тұлғаның мүліктік табысынан салық салынатын табыс мөлшері мынадай тәртіппен айқындалады:
- төлем көзінде салық салынуға жататын табыс сомасы;
- минус табыс түзету сомасы;
- минус міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), ӘМСҚ жарналары және стандартты шегерімдер.
ЖТС мөлшері 10% мөлшерлеме бойынша есептеледі.
Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ)
Жалға беру шарты бойынша табыстан МЗЖ мен әлеуметтік аударымдар төленбейді. Еңбек министрлігінің 27.03.2019 ж. №540763 сұрағына берген жауабына сәйкес, жеке тұлғамен жасалған мүлікті жалға беру шарты бойынша табыстан МЗЖ мен әлеуметтік аударымдар төленбейді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (ӘМСҚ) жарналар
Жеке тұлғалар ӘМСҚ жарналарын төлеушілері болып табылады. АҚШ бойынша табыс алатын жеке тұлғалар үшін ӘМСҚ жарналарын есептеу және аудару – салық агентінің міндеті. 2024 жылы ӘМСҚ жарналарының мөлшерлемесі – табыс сомасының 2%.
Осылайша, егер жеке тұлға қойманы ЖШС немесе ЖК-ға жалға берсе, ол ЖК ретінде тіркелмей-ақ қоя алады. Бірақ бұл жағдайда жалға алушымен АҚШ жасасу қажет, ал жалға алушы – салық агенті мынадай ұстауларды жасайды:
- ЖТС 10%;
- ӘМСҚ жарналары – 2%.
Жалға алу шарты бойынша табыстан МЗЖ және әлеуметтік аударымдар ұсталмайды. Қойма үй-жайына мүлік салығын меншік иесі – жеке тұлға төлейді (жылына бір рет) және 700.00 нысаны бойынша есеп береді.
-
Парк 'Самал': новое сердце Астаны на улице Аль-Фараби21-04-2026, 14:25 16